Қазақстан өкіметі 2023 жылы адам құқықтары тұрақты бұзылуына қатысты конструктив шаралар жасаған жоқ әрі алдыңғы құқық бұзылу жағдайлары бойынша жауапкершілікке тартуды қамтамасыз еткен жоқ. 2022 жылғы қаңтарда Қазақстанды дүр сілкіндірген бұқараның өкіметке қарсы наразылық көтерілісінен кейін шенеуніктердің кейбірі ғана наразылыққа шыққандарға қарсы тең емес күш қолдануға қатысқаны, адамдарды оңды-солды тұтқынға алып, түрмеге қамағаны және тұтқындарға қатыгездік танытқаны үшін жауапкершілікке тартылды.
2023 жылдың басында журналистерге шабуыл жасау жағдайлары жиілеп кетті әрі өкімет өкілдері үкіметке сын айтқандар мен белсенділерге тым ауқымды қылмыстық айып таға бастады. Адамдардың бейбіт наразылық білдіру құқығы мен сөз және діни сенім еркіндігін заңнама тұрғысынан және іс жүзінде шектеу сол күйі қалды. Әйелдерді қорғауды күшейтуге тиіс болған жаңа заңнама тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа бөлек құқық бұзу ретінде қылмыстық сипат бере алмады.
2023 жылғы ақпанда Қазақстан Бала құқықтары туралы конвенцияның Үшінші факультативтік хаттамасына қол қойды.
Парламентті сайлау
19 наурызда Қазақстанда өткен парламентті сайлау демократия стандарттарына сай келген жоқ. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) Демократиялық институттар мен адам құқықтары бюросының Сайлауды бақылау миссиясы Қазақстан заңнамаға сайлауалды бәсекені күшейтуге жетелейтін түзетулер енгізгенімен, «едәуір процедура бұзу жағдайлары байқалғанын» атап өтті. Оппозиция топтарының алдынан сайлауға тіркелу кезінде кедергілер шыға берген.
Жауапкершілік пен әділдік
Қазақстанда 2022 жылғы қаңтарда болған оқиғаны тергеу барысы біржақты болып, соның салдарынан наразылыққа қатысқан 1200-ден астам адам және басқа да адамдар сотталған, ал Бас прокуратураның дерегі бойынша, құқық қорғау органдарының ондаған қызметкері ғана «қылмыстық жауапкершілікке тартылған». Тараз, Қызылорда және Шымкент қалаларының өкіметтері сол қалаларда жаппай наразылық кезінде ондаған адам кісі қолынан өлгенін тергеуді доғарып, офицерлердің әрекеті қылмыс емес деген желеумен жауып тастаған. Оған қоса, өкімет қаза тапқан кемі 15 адамды жауапқа тартып, олардың туыстарының әділ сот төрелігіне құқығын бұзған.
Азаптау мен қатыгездік
Адамдарды азаптап, қатыгездік көрсеткендер әлі жауапқа тартылған жоқ. 2023 жылғы қаңтарда құқық қорғаушы топтар өкімет өкілдері Қаңтар оқиғасынан кейін тұтқынға алынғандарды азаптап, қатыгездік көрсеткенін, атап айтқанда, оларды ұрып-соғып, денесін күйдіргенін, электрошок қолданып, сексуал зорлық-зомбылық жасағанын, яғни тұтқынға түскен әйелдерді де, ерлерді де зорлағанын не зорлаймын деп қорқытқанын құжатқа түсірген. Топтар балалар азапталған және оларға қатыгездік жасалған 13 жағдайды тіркеген. Мақала жазылып жатқанда, кемі 23 полиция қызметкері 2022 жылғы қаңтардағы оқиғаға байланысты сот процестері барысында адамдарды азаптап, зорлық-зомбылық көрсетті деп жауапқа тартылғаны белгілі болды, алайда сондай әрекеттерге қатысты басқа ондаған тергеу шарасы доғарылды, себебі айыптар негізсіз деп танылған.
Қыркүйек айында түрме қызметкерлерінің «ұлттық араздықты қоздыру» деген тым кең қылмыстық айыппен маусым айында үш жылға сотталған белсенді Тимур Дәнебаевты ұрып-соққаны туралы видео пайда болды.
БҰҰ Азаптауға қарсы комитеті маусымдағы қорытынды ескертулерінде «тұрақты түрде түсіп жатқан көп хабарламаға» алаңдайтынын білдіріп, Қазақстанға «артық күш қолдануды қоса алғандағы азаптау және қатыгездік көрсету актілерінің бәріне» қатысты жауапкершілікті қамтамасыз ету керек деп үндеу айтты.
Үкіметтің оппоненттері мен билікке сын айтушы басқа да адамдар
10 сәуірде Алматы соты тіркелмеген Қазақстанның демократиялық партиясының басшысы Жанболат Мамайды «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды, құқық қорғау органдарының қызметкерлерін қорлады және әуелден жалған ақпарат таратты» деп айыптап, оны алты жылға шартты түрде бас бостандығынан айыратын үкім шығарды. Маусымда сот үкіміне апелляция жасауға шағым түсірілгенімен, ол күшінде қалды.
11 шілдеде Алматы соты журналист әрі белсенді, басқа төрт адаммен бірге сотқа тартылған Айгерім Тілеужанды «2022 жылғы қаңтарда Алматы әуежайын басып алмақ болды» деп, төрт жыл бас бостандығынан айырды. Тілеужан сол күні әуежайда болғанын мойындағанымен, құқық бұзатын қандай да бір әрекет жасамағанын айтты.
Қазақстан өкіметі саяси оппозицияның бейбіт белсенділерін қудалап, оларға «тыйым салынған экстремистік топтарға мүше болу» бабымен (Қылмыстық кодекстің 405-бабы) айып тағып келеді. Мамырда тіркелмеген «Алға, Қазақстан» саяси оппозиция тобының басшысы Марат Жыланбаев Астанада рұқсат етілмеген наразылық акциясын өткізгені үшін 20 тәулік әкімшілік қамауда отырып шыққанда, полиция оны «экстремистік топқа мүше болды және экстремистік әрекетті қаржыландырды» деген айыппен қайта тұтқынға алды.
Жиналу еркіндігі
Адамдардың бейбіт жиналу құқығы әлі де шектеулі әрі қатаң қадағаланып келеді. Бейбіт наразылық білдіруге ұмтылған адамдар тұтқындалып, оларға айыппұл салынып, аз уақытқа бас бостандығынан айыруға үкім шығарылып жатыр. 1 тамызда полиция Қаңтар оқиғасында қаза тапқан адамдардың туыстарын Шымкент қаласы әкімдігі ғимаратының алдында наразылық акциясын өткізіп тұрған жерінен тұтқындады. Шымкент соты бір наразыға бес тәулік, екіншісіне 10 тәулік әкімшілік қамауға алу жазасын берді. Қытай үкіметінің Шыңжаңдағы ұйғырлар мен қазақтарға көрсетіп отырған озбырлығына қарсы наразылыққа шығып тұратын Алматы тұрғындары да тұтқындалып жатады.
Сөз еркіндігі
2023 жылдың басында Қазақстанда журналистерге шабуыл жасау, оларды қорқытып-үркіту және қудалау жағдайлары жиілеп кеткені байқалды. Қаңтар мен ақпанда БАҚ өкілдеріне вандализм әрекеттері жасалды, ал журналистердің пәтері мен автокөлігіне шабуыл жасалып, өрт қойылды. 20 қаңтарда Еуропа одағы, АҚШ пен Ұлыбританияның Астанадағы елшіліктері алаң білдіріп, жауапкершілікке үндеді. Өкімет тергеу бастады.
3 шілдеде Түркістан облыстық соты журналист Аменгелді Батырбаевқа «Facebook желісінде парламент депутатына жала жапты» деген айып тағып, 20 тәулік әкімшілік қамауға алынсын деп үкім шығарды. 3 ақпанда Астана соты жабық сот отырысынан кейін блогер Махамбет Әбжанды «көрінеу жалған ақпарат таратты» әрі «бопсалау жасады» деген айып тағып, тоғыз жылға бас бостандығынан айырды.
11 тамызда Жетісу облыстық полициясы журналист Сандуғаш Дүйсеноваға «жеке өмірге қол сұқпау шартын бұзды» деген айып тағып, тұтқынға алғаннан кейін шешіндіріп, видеоға түсіріп тінткен. Кейінірек өкімет істі доғарып тастады. 18 тамызда ҚазТАГ журналисі Диана Сапарқызы Қарағанда шахтасында адамдар қаза тапқаны туралы ақпарат таратпақ болғанда, оған белгісіз бес адам шабуыл жасаған.
Маусымның аяғында Қазақстан медиа туралы жаңа заң қабылдады, ол «жалған ақпарат жариялап, таратқандарға» айыппұл салуды көздейді, бұл – сөз еркіндігіне қауіп төндіретін тым ауқымды ереже.
Еңбек құқығы
Өкімет жұмысшылардың тәуелсіз кәсіподақ тіркету талпынысына кедергі келтіріп келеді. 2023 жылғы қаңтар-сәуір аралығында Қазақстанның батысындағы өнеркәсіп орындарында толқулар болды: мұнай саласы жұмысшылары жұмыс орындарын көбейтуді, жалақыны арттыруды және жұмыс шарттарын жақсартуды талап етті. 11 тамызда отын-энергетика кешені жұмыскерлерінің салалық кәсіподағы Алматыда жергілікті кәсіподақты тіркей алды, бұл 2021 жылғы сот шешімімен қызметі тоқтап қалған салалық кәсіподақтың қайта тіркеле алуына жасалған бір қадам болды.
Өкімет 2021 жылғы мамырда БҰҰ негізсіз қамау жөніндегі жұмыс тобы қабылдаған, қамауға алынған кәсіподақ белсендісі Ержан Елшібаевты жылдам босатуға үндейтін шешімді ескермей келеді.
Әйел адамдарға жасалатын зорлық-зомбылық
2023 жылғы сәуірде Қазақстан әйелдер құқығын қорғауды күшейтті, соның ішінде отбасында қайталанатын зорлық-зомбылық актілерінен кейін өзара бітімге келу мүмкіндігін (зорлықшылдардың мүмкіндіктерін кеңейтіп келген ереже) алып тастады, полицияға зорлық көрген адам шағым айтпаған кезде де агрессорларға әкімшілік жаза қолдануға рұқсат берді және әкімшілік қамауды 10 тәулікке дейін қатаңдатты. Қазақстанда кең таралған, бірақ аз айтылатын проблема – тұрмыстағы зорлық-зомбылық үшін өз алдына бөлек құқық бұзу ретінде әлі күнге дейін қылмыстық жауапкершілік көзделмеген. Алматы билігі белсенділердің Халықаралық әйелдер күні – 8 наурызда наразылық білдіру әрекетіне араласуын доғарған жоқ.
Мүгедектігі бар адамдар құқығы
Міндетті медициналық тексеріс және басқа да кедергілер балалардың инклюзив білім алуға қол жеткізуіне бөгет болып келеді. Мүгедектігі бар балалар жекелеген арнаулы мектептерде немесе интернат мекемелерде оқшаулау, зорлық-зомбылық, елемеу, физикалық шектеу және дәрі-дәрмекті шамадан тыс қолдану жағдайларына ұшырап жүр. Тамызда медиа Қарағандыдағы мемлекеттік интернатта 14 бала ұшынып ауруханаға түскенін, бір бала қайтыс болғанын хабарлады. Полиция тергеу бастады.
Маусымда CAT мүгедектігі бар адамдарға жасалатын қатынасқа және «мүгедектігі бар балаларды бақылау не емдеу үшін күштеп ауруханаға жатқызуға» рұқсат беретін заңдарға алаңдайтынын білдірді.
Сексуал бағдар және гендерлік кімдік
Қазақстанда адамдарды сексуал бағдар не гендерлік кімдік белгісіне қарай алалаудан құқық жағынан қорғау қарастырылмаған. Маусымда CAT Қазақстанға заң тұрғысынан мойындалған жынысты өзгерту жөніндегі қорлаушы инвазив процестің бір бөлігі – «міндетті түрде жыныс ауыстыру отасы жасалуға тиіс» деген талапты алып тастау керек деп үндеу айтты.
Дін еркіндігі
Діни топтарға міндетті түрде тіркелу керек деген талап қойылады және діни әдебиетті сату мен таратуда қатаң шектеулер бар. Дін ұстану еркіндігін бақылайтын халықаралық ұйымдар 2023 жылғы қаңтардан бері 10 адам мен ұйым «мемлекеттің рұқсатынсыз намаз оқитын орын ұйымдастырып, ұстағаны» үшін жауапкершілікке тартылғанын және кем дегенде тоғыз адам әлеуметтік желіде ислам туралы жазба жариялағаны үшін түрмеде жаза өтегенін хабарлады.
Кедейлік пен теңсіздік
Қазақстанда кедейлік артып бара жатыр, ал халықтың маргиналданған топтары өзінің экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтарын іске асыра алмай отыр. Қазақстан халықты әлеуметтік қамсыздандыруға міндеттеме алған, алайда елдегі «Атаулы әлеуметтік көмек» деген негізгі әлеуметтік көмек бағдарламасындағы іріктеудің қатаң шарттары мен мұқтаждық деңгейін тексеру салдарынан шынымен қолдауға зәру көп адам ол бағдарлама аясынан тыс қалды. Кіріс деңгейі төмен отбасылар сол жеңілдіктерге қол жеткізуге талпынғанда кемсіту мен алалауға да ұшырап жатады.
Баспана сұраушылар мен босқындар
Қазақстан өкіметі Өзбекстанның автоном облысы – Қарақалпақстанның бес белсендісін 12 ай экстрадициялық қамауда ұстап, 2023 жылғы қыркүйек-қараша аралығында босатты. Олардың босқын мәртебесін алуға берген өтініші қабылданған жоқ.
Негізгі халықаралық ойыншылар
2023 жылы Қазақстанға АҚШ-тан және Еуропа елдерінен бірнеше жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкер – АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен ақпанның аяғында, Ұлыбритания сыртқы істер министрі Джеймс Клеверли наурызда және Германия президенті Франк Штайнмайер маусымда сапарлап келді. Маусымда Еуропа одағының президенті Шарль Мишель Қырғызстанда Еуропа одағының Орталық Азия елдері президенттерімен жоғары деңгейде екінші рет кездесуі аясында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесті.
Наурызда Брюссельде өткен ЕО – Қазақстан Адам құқықтары туралы диалог пен Әділет және ішкі істер мәселелері жөніндегі қосалқы комитеттің отырыстарында, мамырда Астанада өткен ЕО Ынтымақтастық комитетінің отырысында Еуропа одағының ресми тұлғалары Қаңтар оқиғасын тәуелсіз зерттеп-тергеу туралы үндеуін қайталап айтты.
БҰҰ адам құқықтары жөніндегі Бас комиссары Волкер Тюрк наурызда Қазақстанға барып қайтқаннан кейін «Қаңтар оқиғасына хронология бойынша шолу жасап, құрбандардың бәрін «әділдік, шындық пен өтемақыға жеткізу керек» деген үндеу айтты. Ол Қазақстанның Қылмыстық кодексінде тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа айқын қылмыс сипаты берілсін және өкімет өкілдері журналистерді қорғау мен ой білдіру еркіндігін қамтамасыз ету жолында әрекет етсін деді.
19 қыркүйекте БҰҰ Бас ассамблеясы отырысының сыртында, бірінші АҚШ – Орталық Азия президенттік саммиті барысында президент Тоқаев АҚШ президенті Джо Байденмен кездесті, алайда екеуінің пікір алмасуында адам құқығы мәселесі елеулі орын алған жоқ.